Accessibility links

Израильде Шаронды жерлеу шаралары өтіп жатыр


Ариэль Шаронды жерлеу салтанатына жиналған мемлекет басшылары. Иерусалим, 13 қаңтар 2014 жыл.
Ариэль Шаронды жерлеу салтанатына жиналған мемлекет басшылары. Иерусалим, 13 қаңтар 2014 жыл.
Израильге елдің бұрынғы премьер-министрі Ариэль Шаронды жерлеуге қатысу үшін әлем елдерінің басшылары мен дипломаттар жинала бастады.

Шарон 11 қаңтарда қайтыс болған. Изариль генералы инсульттен соң 8 жыл есін жия алмай, төсек тартып жатты. Ол биыл 85 жасқа келген.

Шарон 13 қаңтарда Израильдің оңтүстігіндегі Негев шөліндегі туған жерінде құрметпен жерленбек.

Ариэль Шаронмен қоштасу шарасына АҚШ билігі өкілдерін вице-президент Джо Байден бастап барған.

Байден Шаронды "ғұмырын Израиль мемлекетінің өмір сүруі мен қауіпсіздігіне арнаған тұлға" деп атады. Ол Шаронның "даулы тұлға" болғанын, оны айыптаушылардың да көп екенін мойындады. Бірақ ол "тарихтың өзі ол өмір сүрген кезеңнің күрделі болғанын көрсетеді" деді.

Ал Израиль президенті Шимон Перес Шаронның "Израильді қорғауда еш қажымағанын" айтты. Ал премьер-министр "Шаронның Израиль қауіпсіздігіне қосқан үлесі халқымыздың тарихына жазылып қалды" деді. Ол бұған қоса Израильдің терроризммен күресті жалғастыра беретінін айтты.

Германия канцлері Ангела Меркель Шаронды "Израиль патриоты" деп атады. Франция президенті Франсуа Олланд пен ЕО президенті Херман Ван Ромпей Израильге көңіл айтты.

Шарон әскермен жер басып алу операцияларын жүргізген, ол жерлерге еврей қоныстарын салған. 2005 жылы ол Газа секторындағы еврей қоныстарында тұратын адамдарды Израильге көшіру туралы жарлық берген еді.

Палестиналық "ХАМАС" тобы "Шарон өлімі туралы ақпаратқа қуанғандарын" мәлімдеп, оны "қолы палестиналықтар қанымен былғанған қылмыскер", "соғыс қылмыстары үшін сотқа тартылуы тиіс адам" деп атады.
XS
SM
MD
LG