Accessibility links

Әблязов апелляциялық шағым берді


Мұхтар Әблязов.
Мұхтар Әблязов.
Қуғындағы олигарх, оппозициялық тұлға Мұхтар Әблязовтың адвокаты Бруно Ребсток оны Ресейге не Украинаға экстрадициялау жайлы шешімге қарсы осы аптада шағым бергенін айтты. Адвокат Азаттыққа берген сұхбатында Ресей мен Украинаның заң үстемдігі орындалуына кепіл боларына күмәнданып, Әблязов одан әрі Қазақстанға берілуі мүмкін деген күдігін айтты.

Қаңтардың 9-ы күні Франциядағы Экс-ан-Прованс қаласы соты Мұхтар Әблязовты Ресейге немесе Украинаға экстрадициялау туралы үкім шығарған. Сот Әблязовтың қорғаушыларына Ресейге экстрадициялау бойынша апелляциялық шағым беру үшін 7 күн, Украина бойынша 5 күн уақыт берген.

50 жастағы Әблязов 2013 жылы шілде айында Францияның Канн қаласына жақын Ривьера курорттық аймағында ұсталып, содан бері француз құқық қорғау орындарының қамауында отыр. Украина мен Ресей оны экстрадициялау туралы өтінішті қатар түсірген. Оны сотқа тартқысы келетін Қазақстан Франциямен тұтқындарды экстрадициялау туралы келісім-шарт жасаспаған.

Бұрынғы жоғары лауазымды шенеунік, қуғындағы олигарх және оппозициялық тұлға Мұхтар Әблязов Қазақстандағы БТА банкті басқарып тұрған кезде 6 миллиард АҚШ долларын қаржылық алаяқтық жасау арқылы жымқырды деп айыпталады.

Әблязов өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, бұл істен саяси астар көреді.
XS
SM
MD
LG