Accessibility links

Украина оппозициясы: Билік келіссөзге ыңғай білдірді


Киевтегі қақтығыс
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:06:57 0:00

ВИДЕО: Киевтегі қақтығыс. 19 қаңтар 2014 жыл.

Украина оппозициясы жетекшілерінің бірі Арсений Яценюк 19 қаңтарда кешке қарай Киевте үкіметке наразы мыңдаған демонстранттар алдында сөйлеп, президент Виктор Януковичтің оппозициямен келіссөздер жүргізуге дайын екенін хабарлағанын айтты.

"Бұдан бірер минут бұрын маған президент Виктор Янукович телефон шалып, биліктің келіссөздер жүргізуге дайын екенін айтты. Келіссөздерге ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Андрей Клюев жауапты болмақ. Осыған қатысты сіздерге өзімнің жеке пікірім - келіссөзді жүргізу құқығы тек шерушілерде ғана екенін және ол келіссөздер тек көпшілік алдында өтуі қажет екенін айтқым келеді. Келіссөзге қол жеткізу - талабымыздың жүзеге аса бастағанын көрсетеді" деді Яценюк.

Бірақ оппозиция жетекшісінің бұл мәлімдемесін украин билігі әзірге растай қоймады.

19 қаңтарда Украинада жиын өткізуге қатысты ел президенті бекіткен жаңа заңға қарсы ондаған мың демонстрант Киевтегі Тәуелсіздік алаңына жиналған кезде полициямен қақтығыс болған еді. Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, қақтығыс кезінде 30 полицей зардап шегіп, оның төртеуі ауыр жараланған. Қақтығыстан бір полиция автобусы өртенген.

Украина оппозициясы президент Януковичті "диктаторлық билік жүйесін орнатпақшы" деп айыптайды.

Қаңтардың 16-сы күні Янукович қол қойған жаңа заң ресми рұқсатсыз қоғамдық жерлерге шатыр тігуге, сахна құруға және дауыс зорайтқыш қоюға тыйым салады. Заң бойынша демонстранттар беттерін бүркемеуі тиіс.

Демонстранттар заңды әжуалап медициналық маска мен құрылысшы каскаларын киіп шықты. Бастарына ыдыс-аяқ киіп шыққандар да болды.

Жаңа заңда "қоғамдық тәртіпті бұзушыларға" 15 жылға дейін түрме жазасын тағайындау туралы бап бар.
XS
SM
MD
LG