Accessibility links

Полиция азапталған адамға өтемақы төлейтін болды


Александр Герасимов.
Александр Герасимов.
Қостанай облыстық сотының апелляциялық алқасы азаптаудан зардап шеккен Александр Герасимовке өтемақы төлеу туралы сот шешімін күшінде қалдырды. Сот шешімге қарсылық білдірген полицияның шағымын қанағаттандырмады. Бұл туралы Азаттық тілшісіне Александр Герасимовтың өзі хабарлады.

Қазақстан адам құқықтары бюросының Қостанай облыстық филиалы жетекшісі Анастасия Миллер де Герасимовтың айтқанын растады. Бюро өкілі апелляциялық сот БҰҰ-ның азаптау жөніндегі комитетінің Қазақстанды Герасимовтың шағымын тиісті деңгейде қарап, зардап шеккені үшін өтемақы төлеуге шақырған үндеуіне қарсы келмегенін айтады.

2013 жылы қараша айында судья полицияны сотқа беруші құрылысшы Александр Герасимовтың шағымын қанағаттандырып, жәбірлеушіге өтемақы төлеуді міндеттеген. Құрылысшы 2007 жылы өзін полицейлер аяусыз азаптады деп шағымданған.

2007 жылы Қостанай тұрғыны Александр Герасимов кісі қолынан мерт болған бір әйелдің өліміне қатысты күдікті ретінде басқа он шақты адаммен бірге ұсталған ұлын іздеп полицияға барғанда, тергеушілер оның өзін ұстаған. "Ұлың қылмысты сен жасады деп отыр" деп полиция оны ұрып-соғып, басына пакет кигізіп тұншықтырып, "қылмысты жасағанын" мойындауды талап етеді.

Ақыр соңында Герасимов та, оның ұлы да қылмысқа қатысы болмай шығып, босатылды. Бірақ 44 жастағы Герасимов басы мен бүйрегі қатты зақымданып ауруханаға түскенін, азаптаудың соңы айықпас дертке душар еткенін айтады.

Герасимовтың адвокаты Снежана Ким апелляциялық соттың шешімімен жәбірленушіге өтемақы төлеу туралы алғашқы соттың шешімі күшіне енетінін айтады.
XS
SM
MD
LG