Accessibility links

Киевте шерушілер министрлікті басып алды


Үкіметке қарсы шерушілер баррикадаға шығып тұр. Киев, 23 қаңтар 2014 жыл.
Үкіметке қарсы шерушілер баррикадаға шығып тұр. Киев, 23 қаңтар 2014 жыл.
Киевте демонстранттар Тәуелсіздік алаңына жақын Крешатик көшесінде орналасқан ауылшаруашылық министрлігін басып алып, алаңда баррикадалар орната бастады. Шерушілер министрлік ғимаратын жылыну үшін пайдаланатынын айтады.

Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, демонстранттар ғимаратқа оның терезелерін шағып кірген. Шерушілер ғимарат сыртына "билік - халықтікі" деген жазулар жазып, министрлік қызметкерлерін онда кіргізбей тұр.

Кеше оппозиция жетекшілері Виталий Кличко, Олег Тягнибок және Арсений Яценюк президент Януковичпен тағы кездескен. Кездесуден соң Тәуелсіздік алаңына барған Виталий Кличконың айтуынша, келісімге сәйкес, президент Янукович пен ішкі істер министрі демонстранттарға күш қолдануды, зорлық-зомбылықты тоқтатып, барлық қамалғандарды босатады. Ал наразылық танытушылар милицияға қарсы әрекеттерін тоқтатуы тиіс.

"УНИАН" агенттігінің хабарлауынша, Олег Тягнибок алаңда демонстранттардан президент уәде еткендей қамалғандар бостандыққа шығуы үшін Грушевский көшесін босатуды сұраған. Бірақ демонстранттар ол ұсынысты қолдамай, қарсылықты жалғастыра беруді жақтап дауыс берген. Оған жауап ретінде Тягнибок наразылық танытушыларды тәртіп сақтап, нұсқауды орындауға шақырды.

Украинаның батыс аймақтарындағы бірнеше қалада да наразылық танытушылар жергілікті әкімшілік кеңселерін басып алды.

Бүгін ішкі істер министрлігі 22 қаңтарда қаза тапқан екі шерушінің оқ тиіп мерт болғанын растады, бірақ олардың өліміне жауапкершілік алған жоқ. Министрілк шерушілердің бірі бытыра тиіп, екіншісі аңшы мылтығының оғынан қаза тапқанын айтады.

Бүгін Киевке Украинадағы саяси диалогқа жәрдем беру үшін Еуропа одағының сыртқы кеңею істері жөніндегі комиссары Штефан Фюле бармақ.
XS
SM
MD
LG