Accessibility links

Украинада қақтығыстар жалғасып жатыр


Донецк қаласындағы шерудегі полиция мен наразылар қақтығысы. Украина, 24 қаңтар 2014 жыл.
Донецк қаласындағы шерудегі полиция мен наразылар қақтығысы. Украина, 24 қаңтар 2014 жыл.
Киевте үкіметке қарсы шерушілер мен полиция қақтығыстары 25 қаңтар күні де жалғасты.

25 қаңтарға ауған түні наразылар полицейлерге жанғыш зат құйылған көп құмыра лақтырған. Полиция жауап ретінде резина оқтар атқан. Бұл қақтығыс таң атқанда саябырлаған.

Осы апта Киевте полиция мен наразылар арасында қақтығыстар ушығып, шеру басталғалы (2013 жылдың қарашасы - ред.) алғаш рет адам өлді.

Белсенділер "бес шеруші өлтірілді" десе, полиция "үш адам өлді" дейді. Полиция хабарлаған үш адамның екеуіне оқ тиген, біреуінің денесі орманнан табылған.

Украина ішкі істер министрлігі сенбі күні Киевтен бір милиционердің мәйіті табылғанын хабарлады. Оның алдында шерушілерге қатысты "полицияға шабуыл жасайды" деген айыптар айтылған еді.

Оппозиция милиционер өліміне қатысы жоқ екендерін мәлімдеп, полицияны "жалған ақпарат тарату арқылы қарсы тараптарды арандатпауға" шақырды.

Украинаның батысында да тәртіпсіздіктер басталды. Наразылар Львов, Ровно , Тернополь, Хмельницкий, Черновец қалаларындағы билік ғимараттарын басып алған. Кем дегенде екі губернатор отставкаға кетті.

Жұма күні президент Виктор Янукович үкіметте ауыс-түйіс жасайтынын, шерулерді шектейтін жаңа заңға өзгерістер енгізетінін, қамалған шерушілерге рақымшылық жасайтынын хабарлады. Қазіргі қақтығыстарға шерулерді шектейтін жаңа заң себеп болған еді. Келесі аптаның сейсенбі күні Украина парламенті жаңа заңға өзгерістер енгізу мәселесін талқылайды.

25 қаңтар күні Янукович Киев мэрі Александр Поповты қызметінен босатты. Поповты оппозиция "30 желтоқсан күні Киевте болған шеруді қатыгездікпен қуып-таратты" деп айыптаған еді.

Алайда оппозиция жетекшісі Виталий Кличко жұма күні "көшедегі наразылықты тоқтатудың жалғыз амалы - Януковичтің отставкасы" деп мәлімдеді.

- Министрлерді ауыстыру пайда бермейді. Адамдар ережелерді өзгерткісі келеді, олар қағидасыз, тәртіпсіз өмірден жалығып кетті. Мәселен кез келген сот жемқор, елде әділдік жоқ, жүйе жұмыс істемейді. Адамдар осыған наразы, - дейді ол.

Украина оппозициясы жетекшілері Еуропа Одағының өкілі Штефан Фюлемен кездесті. Оппозиция өкілі Арсений Яценюк:

- Бізде саяси дағдарыс болып жатқан жоқ. Бұл - қоғамдық дағдарыс. Еуропалық әріптестерімізбен осы дағдарыстан шығу жолдарын талқыладық. Мен бұл дағдарыстан Еуропа көмегінсіз шығу өте қиын деп ойлаймын. Сондықтан да келіссөздерге (билікпен келіссөздерге - ред.) еуропалық әріптестеріміз де қатысқаны дұрыс болар еді, - дейді.

Еуропа Одағын кеңейту мәселелерімен айналысатын Фюле жұма күні Януковичпен кездесті.

Украинадағы үкіметке қарсы наразылық 2013 жылдың қарашасында Украина президенті Виктор Янукович Еуропа Одағымен арадағы серіктестік келісіміне қол қоймай тастағаннан кейін басталды. Белсенділер Еуропа Одағымен интеграцияны жақтайды. Олар "үкіметті коррупция жайлаған, адам құқықтары сақталмайды, билікті жеке мүддеге пайдалану басым" дейді.
XS
SM
MD
LG