Accessibility links

«Сәрсенбайұлы сотында» министрді шақырту сұралды


"Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтірді" деген айыппен сотталған Рустам Ибрагимовтың экрандағы фотосы. Алматы облысы, Қарасай ауданы, 27 қаңтар 2014 жыл.
"Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтірді" деген айыппен сотталған Рустам Ибрагимовтың экрандағы фотосы. Алматы облысы, Қарасай ауданы, 27 қаңтар 2014 жыл.
Оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне қатысты Қаскелеңде жүріп жатқан сотта жәбірленуші жақ (Сәрсенбайұлының туыстары) қазіргі ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовты және ішкі істер экс-министрі Бауыржан Мұхамеджановты сотқа шақыртуды сұрады деп хабарлайды ақпарат агенттіктері.

Жәбірленуші тарап "қастандық жасалған уақытта ішкі істер вице-министрі болып тұрған Қасымов Сәрсенбайұлын өлтірді делінген Рустам Ибрагимовпен сөйлескен, осыдан соң Ибрагимов тергеу орындарына берілген" деп санайды. Жәбірленуші жақтың адвокаттары "Қасымов пен Ибрагимовтың не туралы сөйлескендерін" білмек ниетте.

Жәбірленуші жақ соттан қылмыс болған уақытта Алматы қалалық ішкі істер департаментінде істеген, қазір Астана қалалық ішкі істер басқармасының бастығы Амантай Әубәкіровті және тергеуші Гаши Машанлоны да шақыртуды сұраған.

Бірақ прокурорлар "әуелі бұған дейін шақырылған куәгерлерден жауап алу қажет" деп, бұл өтінішті қолдамады. Ержан Өтембаевтың адвокаты да жәбірленуші жақтың өтінішін қолдамады.

Сот отырысы басталар алдында жәбірленуші жақ сотқа төрағалық етуші судья Асқарбек Бейімбетовке қарсылық білдіріп, оны ауыстыруды сұраған. Бірақ ол өтініш қабылданбады.

Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі серігін өлтіруге тапсырыс берді деп сотталған парламент сенаты аппаратының бұрынғы жетекшісі Ержан Өтембаевтың үкімін қайта қарау соты 22 қаңтарда Қаскелеңде басталған. Істі Алматы облысының қылмыстық істер соты қарап жатыр.
XS
SM
MD
LG