Accessibility links

Түркия премьер-министрі Иранға барды


Түркия премьер-министрі Режеп Тайып Ердоған.
Түркия премьер-министрі Режеп Тайып Ердоған.
Түркия премьер-министрі Режеп Тайып Ердоған Иранға екі күндік сапармен барды. Бұл сапарында ол Иранның жоғарғы рухани көсемі аятолла Әли Хаменеймен, Иран президенті Хассан Роухани және сыртқы істер министрі Жавад Зарифпен кездесіп, екіжақты қарым-қатынастарды, аймақтық мәселелерді талқыламақ.

Екі ел басшылары Иранға салынған халықаралық санкциялар жеңілдеген тұста сауда-саттық мәселелерін шешу жөніндегі бірлескен үйлестіру кеңесін құру туралы келісім жасаспақ. Екі ел арасындағы өзара сауда-саттық көлемі былтыр 13,5 миллиард АҚШ долларын құраған.

Иран сыртқы істер министрлігінің өкілі Марзие Афхамның айтуынша, "екі ел арасындағы диалог пен байланыстар жаңа кезеңге өтті".

Сонымен бірге Ердоған Иран басшылығымен Сириядағы қақтығыстарды реттеу мәселесін де талқыламақшы. Түркия мен Иран Сирияға қатысты бір-біріне қайшы ұстанымда. Түркия сириялық көтерілісшілерге қолдау көрсетсе, Иран Сирия президенті Башар Асад үкіметін жақтайды.

Марзие Афхамның айтуына қарағанда, Хассан Роухани алдағы айлардың бірінде Түркияға бармақ.
XS
SM
MD
LG