Accessibility links

Таиландта кезектен тыс сайлаулар өтіп жатыр


Таиланд премьер-министрі Йинглак Чиннават журналистерге сұхбат беріп тұр. Бангкок, 21 қаңтар 2014 жыл.
Таиланд премьер-министрі Йинглак Чиннават журналистерге сұхбат беріп тұр. Бангкок, 21 қаңтар 2014 жыл.
Бүгін Таиландта азаматтар кезектен тыс парламент сайлауларына дауыс беріп жатыр.

Бұл сайлаулар елде бірнеше айдан бері премьер-министр Йинглак Чиннаватқа қарсы наразылық акциялары жалғасып жатқанда өткізіліп отыр. Үкімет жетекшісі бүгін таңертең өз үйінің маңындағы сайлау учаскесіне келіп дауыс бергені хабарланды.

Осы сайлауға бойкот жариялаған оппозиция дауыс беру тоқтатылсын және Йинглак Чиннават басқаратын үкімет құрамы биліктен біржолата кетсін деген талаптар қойып отыр. Сайлау кезінде қауіпсіздік шаралары ерекше күшейтілді.

Сенбі күні ел астанасы Бангкокте билікке наразылық танытушылар мен билікті қолдаушылар арасындағы қақтығыста қарудан оқ атылып, кемінде жеті адам жараланған еді.

Былтырғы қараша айынан бастап үкіметке наразылық акциясы үздіксіз жалғасып келе жатқан Таиландта оппозиция Йинглак Чинаваттың үкіметін оның ағасы, экс-премьер Таксин Чинават бақылайды деп айыптайды. Қазір шетелде тұратын Таксин Чинаваттың үстінен Таиландта «коррупциялық әрекеттер жасаған» және «қызмет өкілетін теріс пайдаланған» деген айыптар тағылып, іс қозғалған.
XS
SM
MD
LG