Accessibility links

Обама мен Олланд Иран мен Сирияны талқылады


Франция президенті Франсуа Олланд (сол жақта) пен АҚШ президенті Барак Обама. Вашингтон, 11 ақпан 2014 жыл.
Франция президенті Франсуа Олланд (сол жақта) пен АҚШ президенті Барак Обама. Вашингтон, 11 ақпан 2014 жыл.
АҚШ президенті Барак Обама мен Франция президенті Франсуа Олланд 11 ақпанда екіжақты кездесудің қорытындысын жариялады. Президенттердің айтуынша, кездесуде негізінен АҚШ пен Францияның қарым-қатынасына, Иранның ядролық бағдарламасына қатысты келіссөздерге және Сирия дағдарысына назар аударылған.

Обаманың айтуынша, АҚШ пен Франция Иранға қарсы салынған қазіргі санкциялар әлі де сақтала беруі тиіс деген ұстанымда. Оның сөзінше, Иранға қарсы санкцияны бұзғандар АҚШ-тың қарсы шараларына тап болады. АҚШ президенті Ресей БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Сирияға гуманитарлық көмек жеткізу туралы қарарына вето қойғандықтан, "сириялық бейбіт тұрғындардың аштықтан зардап шегуіне жауапкершіліктің бір бөлігін өз мойнына артады" деді.

Обаманың айтуынша, Қауіпсіздік кеңесінің Ресейден басқа барлық мүшесі бұл қарарды қолдайды.

"Сондықтан Сирияның бейбіт тұрғындарының ауыр жағдайды бастан кешуіне сириялықтардың өздері ғана емес, Ресей де кінәлі" деді Обама.

Франсуа Олланд - 1996 жылдан бері АҚШ-қа жұмыс сапарымен емес, мемлекеттік сапармен барған алғашқы француз басшысы. Сапардың басты мақсаты - америка-француз қарым-қатынасын жақсарту.
XS
SM
MD
LG