Accessibility links

Девальвацияға наразылар Келімбетовтің отставкасын талап етті


Ұлттық банк алдына барған наразылар. Алматы, 12 ақпан 2014 жыл.
Ұлттық банк алдына барған наразылар. Алматы, 12 ақпан 2014 жыл.

Теңгенің құнсыздануына наразылық білдірген ондаған адам Алматыда Ұлттық банк төрағасының қызметтен кетуін талап етіп, банк ғимараты алдына жиналды.

Ақпанның 12-сі күні таңертең Алматыдағы Ұлттық банк алдында ондаған адам теңгенің күрт құнсызданып кетуіне наразылық танытуға жиналды. Наразылар арасында бірнеше үкіметтік емес ұйымдардың, "Халыққа баспананы қалдырайық" қоғамдық бірлестігінің өкілдері бар.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, жиналғандардың біразы "Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов қызметінен кетсін" десе, кейбірі онымен кездестіруді талап еткен.

Наразы топпен сөйлесуге банк төрағасының орынбасары шығып, наразылардың барлығын банк ғимаратына кіргізген.

Белсенділер Келімбетовтың атына хат әкелген. Онда девальвация несие алғандарды тығырыққа тірегені жазылған, себебі ипотекалық несие шарттарының көбінде валюта курсы өзгерістері ескерілетіні айтылған.

"Интерфакс-Казахстан" агенттігі "Ұлттық банк өкілдерімен кездесуде наразылар халықтың 2006 және 2007 жылдары алған несие қарыздарын жоюды, теңге девальвациясын форс-мажорлық жағдай деп бағалауды сұраған" деп хабарлады.

Ұлттық банк кеше, ақпанның 11-і күні теңгенің АҚШ долларына шаққандағы бұрынғы бағамын ұстап тұрудан бас тартып, доллар бағамын 185 теңге деп белгілеген еді.

Ақпанның 11-і күні Алматыда өткен баспасөз мәслихатында Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов теңгенің құнсыздануын "әлемдік қаржы нарықтарындағы тұрақсыздықпен, Ресей рублінің арзандауымен" түсіндірген.

Бұдан соң Қазақстанда кейбір валюта айырбастау пунктері мен банктер доллар сатуды уақытша тоқтатты, кейбірі Ұлттық банк белгілеген бағамнан қымбатқа сата бастады. Қазақстанның кей аймақтарында доллардың құны 200 теңгеден асып кеткен.

Кейбір сарапшылар Ұлттық банк саясатының дұрыстығына күмән келтіреді.

Әлеуметтік желілерде қолданушылар Ұлттық банктің теңгені күрт құнсыздандырғанын айыптап, қызу талқы жүріп жатыр.

Қазақстандағы мұның алдындағы девальвация 2009 жылы ақпанның 4-і күні жасалды. Ол жолы Ұлттық банк доллардың бағамын 117-123 теңге шегінде (+/-2%) ұстап тұрудан бас тартты. Ұлттық банк девальвация себебін "мұнай бағасының төмендеуінен, Қазақстанның сауда-саттық әріптестері саналатын елдердегі ұлттық валюталардың құнсыздануынан" деп түсіндірген. Банк өкілдері сол жолы валютаның тұрақтылығын сақтау үшін соңғы бірер айда 6 миллиард АҚШ долларын жұмсалғанын да айтқан.
XS
SM
MD
LG