Accessibility links

Қазақстан шорт-трекшілері финалға өтті


Қазақстандық спортшылар Нұрберген Жұмағазиев (оң жақта) пен Денис Никиша. Сочи, 13 ақпан 2014 жыл.
Қазақстандық спортшылар Нұрберген Жұмағазиев (оң жақта) пен Денис Никиша. Сочи, 13 ақпан 2014 жыл.
Шорт-тректен Қазақстан ерлер құрамасы 5000 метрлік эстафета жарысының финалына өтті. Бұл туралы Сочиде жүрген Азаттық тілшісі хабарлады.

Құрамында Абзал Әжғалиев, Айдар Бекжанов, Нұрберген Жұмағазиев, Денис Никиша бар Қазақстан шорт-трек құрамасы жартылай финалда АҚШ, Голландия, Оңтүстік Корея командаларымен жарысты.

Жарыс басында Қазақстан құрамасы соңғы, төртінші орында келе жатқан. Жарыстың аяқталуына жеті айналым қалғанда АҚШ және Оңтүстік Корея шорт-трекшілері мұз айдынында құлап қалды. Осыдан соң бірден Голландиядан кейін екінші орынға шыққан қазақстандықтар соңғы айналымға дейін осы орындарын сақтады.

Голландия - бірінші, Қазақстан - екінші орынмен финалға өтті. Оңтүстік Корея - үшінші, АҚШ төртінші орын алды. Кейін төрешілер АҚШ құрамасын финалға өткізді. Төрешілер АҚШ құрамасының соңғы орын алса да финалға шығу себебін ресми жариялаған жоқ.

Екінші жартылай финалдық жарыста Ресей мен Қытай финалға шықты.

21 ақпанда болатын финалдық жарыста Қазақстан, Голландия, АҚШ, Ресей, Қытай құрамалары сынға түседі.
XS
SM
MD
LG