Accessibility links

БҰҰ: Солтүстік Кореяда адамзатқа қарсы қылмыстар жасалған


Солтүстік Корея лидері Ким Чен Ын (ортада). Пхеньян, 8 қаңтар 2013 жыл.
Солтүстік Корея лидері Ким Чен Ын (ортада). Пхеньян, 8 қаңтар 2013 жыл.
БҰҰ-ның Солтүстік Кореядағы адам құқықтарын бұзу оқиғаларын тексеретін комиссиясы бұл елде адамзатқа қарсы қылмыс жасалғаны жөніндегі фактілерді анықтады. Бұл туралы Associated Press агенттігі хабарлады.

Бір жылға таяу жүргізілген тексеріс нәтижесінде комиссия Солтүстік Корея билігі жасаған бірнеше қылмыстардың айғақтарын тапқан. Олардың қатарында "адамдарды жою", ұрлап әкету, Оңтүстік Корея мен Жапониядан адамдарды күшпен әкелу әрекеттері бар. Комиссия баяндамасында азаптау, қара жұмыс істету, зорлау, аборт жасауға мәжбүрлеу сияқты қылмыстар да аталған. Баяндаманың толық мәтіні 17 ақпан күні жарияланады.

БҰҰ-ның бұл комиссиясы 2013 жылы наурыз айында құрылды. Оны австралиялық Майкл Кэрби басқарады. Солтүстік Корея комиссия мүшелерін елге кіргізбеді.

Алайда комиссия жәбір шеккендердің айтқандары мен сарапшылар пікірін есепке алған. Комиссия мәліметі бойынша, қазір бұл елде 120 мың адам саяси себептермен қамауда отыр. Елде азық-түлік жетіспейді. Балалар тойып тамақ ішпейді.

Солтүстік Корея комиссия мәліметтерін жоққа шығарып отыр.
XS
SM
MD
LG