Accessibility links

Алматы полициясы тағы бірнеше адамды ұстады


Солдан оңға қарай: Евгения Плахина, Жанна Байтелова және Валерия Ибраева теңге девальвациясына наразылық білдірушілер жиналған орталық алаңда тұр. Алматы, 16 ақпан 2014 жыл.
Солдан оңға қарай: Евгения Плахина, Жанна Байтелова және Валерия Ибраева теңге девальвациясына наразылық білдірушілер жиналған орталық алаңда тұр. Алматы, 16 ақпан 2014 жыл.
Алматы полициясы тәуелсіздік ескерткіші тұрған орталық алаңға келген тағы бірнеше адамды ұстап алып кетті.

Азаттық тілшілерінің хабарлауынша, полицейлер соңғы бір сағаттың ішінде тағы да жеті адамды ұстап, Бостандық аудандық ішкі істер басқармасына алып кеткен. Ұсталғандардың біреуі - қоғамдық белсенді Марат Уатқан.

Сонымен бірге полиция қызметкерлері алаңдағы оқиғаға куә болған жас азаматтардың кейбірінің мобильді телефондарын ашып қарап, оған не түсіргендерін тексерген. Сағат түскі бір кезінде алаң маңындағы адамдар тарап кете бастады.

Таңертеңнен қызыл жолақты лентамен қоршалып, «Жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр» деген жазу ілінген тәуелсіздік ескерткіші орналасқан алаңда қазір тек ондаған полиция қызметкерлері мен прокуратура өкілдері жүр, бір шетте екі автобус мен бірнеше полиция көлігі тұр деп хабарлады Азаттық тілшісі.

Бұған дейін билік өкілдері тәуелсіздік ескерткіші алдынан үш әйелді - Жанна Байтелова, Евгения Плахина мен Валерия Ибраеваны ұстап әкеткен еді.

Қазақстанның ұлттық валютасы - теңгенің девальвациясына наразы азаматтар ақпанның 16-сы күні Алматыдағы тәуелсіздік ескерткіші тұрған орталық алаңға жиналатыны туралы бұған дейін әлеуметтік желілер арқылы ақпарат тараған болатын.

Ақпанның 15-і күні Алматыдағы Республика сарайының алдындағы Абай ескерткішіне полиция өткізбей қойған соң, жүзге тарта адам тәуелсіздік ескерткіші тұрған орталық алаңға барған. Сол жерде ондаған адамды полиция күштеп көлікке салып, Бостандық ауданының ішкі істер бөліміне апарып, бірнеше сағат ұстаған. Ұсталғандарға "заңсыз митинг ұйымдастырған" деген айыппен іс қозғалып, сенбі күні кешке әкімшілік сот бір адамды 10 тәулікке әкімшілік қамауға алу, оннан аса адамға әкімшілік айыппұл салу туралы шешім шығарған.

Ақпанның 11-і күні Қазақстан Ұлттық банкі ұлттық валюта - теңгенің АҚШ долларына шаққандағы бұрынғы бағамын ұстап тұрудан бас тартқан соң, теңгенің бағамы күрт құнсызданып кетті. Билік бұл шараға Кедендік одаққа мүше мемлекет - көршілес Ресейдегі рубль бағамының төмендеуі де себеп болды деп түсіндірген еді.
XS
SM
MD
LG