Accessibility links

Freedom House: Янукович легитимділігін жоғалтты


Майдан үшін айқас
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:02:46 0:00

ВИДЕО: Киевтегі шерушілер мен полицияның қақтығысы. 18 ақпан 2014 жыл.

Украинадағы жағдайға қатысты халықаралық Freedom House ұйымы алаңдаушылық білдіріп, Украина билігінің шерушілерге күш қолданғанын айыптады.

"Жағдайдың бұлайша өрбуі Виктор Януковичтің демонстранттардың үш ай бойы Еуропамен жақындасуды талап етуінен туындаған дағдарысты шиеленістірмек болғанын көрсетеді" делінген ұйым таратқан мәлімдемесінде.

"Заңды, демократияшыл басшылар биліктің ашық болуын талап еткен шерушілерге арнайы полиция жасағын шабуылдатып қоймайды. Янукович легитимдігін жоғалтты. АҚШ пен Еуропа Одағы дереу оны күш қолдануды тоқтатуға шақыруы тиіс. АҚШ пен Еуропа Одағы бұл елдегі саяси өзгерістерді жеделдету үшін қаржылық санкциялар салғаны жөн" деді Freedom House президенті Дэвид Крамер.

Украинаның ең бай азаматы, миллиардер әрі президент Виктор Януковичтің жақтастарының бірі Ринат Ахметов Киевтегі қантөгісті тоқтатуға шақырды. Қақтығыстар басталғаннан кейін таратқан мәлімдемесінде Ахметов "бейбіт азаматтарға қарсы күш қолдануды ешқандай жағдайда да ақтап алуға болмайды" деді.

"Қандай жағдайда да бейбіт тұрғындар зардап шекпеуі тиіс. Бұл биліктің де, оппозицияның да, басты қарсыласушы күштердің негізгі міндеті болуы тиіс. Қақтығыстарда шерушілер мен полицияның қаза тауып, жаралануы - саяси тұрғыда жіберілмеуі тиіс қателік болды" деген Ахметов.

Ақпанның 18-і күні билік Майданда тұрған шерушілерге алаңды сағат 18.00-ге дейін босату туралы талап қойып, аталған мерзімнен соң "тәртіп орнату үшін барлық заңды шараларды қолданылатынын" ескерткен еді. Белгіленген уақыт өткен соң алаңды демонстранттардан босату үшін көзден жас ағызатын газ шашып, резеңке оқпен атқан полицияға шерушілер қарсылық көрсетіп, оның соңы екі жақтан да адам қазасына әкелген қақтығыстарға ұласты. Қақтығыстар салдарынан 18 адам қаза тапты.

Украина ішкі істер министрлігі қақтығыстардан 184 полиция қызметкері жараланғаны, олардың 35-і ауыр халде екенін хабарлады. Қала билігі шерушілерден 200-ден астам адамның жарақат алғанын мәлімдеді.
XS
SM
MD
LG