Accessibility links

Ауғанстанда шабуылдан 19 адам мерт болды


Ауғанстандағы әскери базалардың бірі. (Көрнекі сурет)
Ауғанстандағы әскери базалардың бірі. (Көрнекі сурет)
Бүгін таңертең Ауғанстанның Кунар провинциясында үкіметтік әскери базаға шабуыл жасаған қарулы Талибан тобы 19 сарбазды өлтіріп, тағы бірнешеуін ұрлап әкеткен.

Бұл туралы жергілікті губернатор кеңсесінен хабарлады. Шабуыл шалғайдағы таулы аймақта, Пәкістанмен шекараға жақын орналасқан Газиабад ауданында болған. Үкімет әскері дұшпанның қолына түскен сарбаздарды босату үшін арнайы операцияға кіріскені хабарланды.

Тұтқындарды айырбастау туралы АҚШ-пен келіссөздерді талибтердің доғаратыны туралы олардың өкілі Зибиулла Муджахид мәлімдеген. Муджахидтің айтуынша, бұндай шешімге «Ауғанстандағы саяси дағдарыс» пен туындаған «қиындықтар» себеп болған.

Бұған дейін Вашингтон Кубадағы Гуантанамо түрмесінде қамауда отырған бес ауған талибін 2009 жылы Талибан ұстап әкеткен АҚШ сарбазы Боуи Бергдальге айырбастауды ұсынған еді. Бұл келіссөздерге Катар араағайындық жасаған.
XS
SM
MD
LG