Accessibility links

Ақтөбеде жолаушылар жолда қалды


Қазақстандағы ауылдардың біріндегі қар. (Көрнекі сурет)
Қазақстандағы ауылдардың біріндегі қар. (Көрнекі сурет)
"Самара-Шымкент" тас жолының Ақтөбе облысына тиесілі бөлігінде жүздеген көлік жолда қалды деп хабарлады Азаттыққа сол көліктердің жүргізушілері.

Ақтөбе облысындағы Хромтау қаласынан шыға бере жолда қалғанын хабарлаған Әділ есімді жолаушы екі тәуліктен бері жолдың қары аршылмағанын айтып шағынды. Көлігі осы жолдың бойындағы Қарабұтақ ауылынан шыға бере кептеліске тап болған Алмат Мұхамедқалиев қар құрсауында отырғанына бүгін алтыншы тәулік екенін айтты. Ол азаматтардың сөзінше, жолдың қарын аршитын техника бүгін түстен кейін ғана жеткен.

Жүздеген көліктің қар кесірінен жолда қалғанын Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаменті де растады. Бұл мекеменің баспасөз хатшысы Айдана Мейрамбекованың айтуынша, "құтқарушылар жолаушыларды қауіпсіз жерге көшірмек болған, бірақ олар көліктерін далаға тастап кеткілері келмей отыр".

Демалыс күндері "Самара-Шымкент" тас жолының бойында 70 жеңіл көлік, 3 жолаушылар автобусы, 47 жүк көлігі тұрып қалғанын айтқан Айдана Мейрамбекова облыс жолдарындағы дүйсенбі күнгі ахуал туралы нақты ақпарат бере алмайтынын мәлімдеді.
XS
SM
MD
LG