Accessibility links

Депутат: Жириновский мен Лимоновқа тыйым салу керек


Ресей мемлекеттік думасының депутаты, ЛДПР партиясының жетекшісі Владимир Жириновский.
Ресей мемлекеттік думасының депутаты, ЛДПР партиясының жетекшісі Владимир Жириновский.
Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты Николай Логутов ресейлік саясаткерлер Владимир Жириновский мен Эдуард Лимоновтың Қазақстанға кіруіне тыйым салуды ұсынды.

Бүгін мәжілістің пленарлық отырысында Логутов "Біз Қазақстан сыртқы істер министрлігін Жириновский мен Лимоновты Қазақстан территориясына кіруге тыйым салынған адамдар тізіміне қосуға шақырамыз" деді.

Ресей мемлекеттік думасы төрағасының орынбасары, ЛДПР партиясының жетекшісі Владимир Жириновский ақпанның 23-і күні Мәскеуде сөйлеген сөзінде Украинадағы жағдайды айыптап, Орталық Азия елдерінің тәуелсіздігіне де күмән келтірген. Ол "Ресей Украинаны ғана емес, осы мемлекеттердің барлығын уысынан шығармауы керек еді" дей келе, "Ресей шекарасын оңтүстікке қарай кеңейту" жайын да айтқан.

Мұның алдында ресейлік оппозиционер Эдуард Лимонов "Қазақстанның солтүстік облыстарын Ресейге қосу керек" деген еді.

Логутов Жириновскийдің сөзі "екі ел арасындағы серіктестікке көлеңке түсіретінін" айтып, Ресей үкіметінің ресми өкілі оның сөздерін жоққа шығаруы тиіс дейді.

Жириновский мен Лимоновтың сөздері Қазақстан қоғамында наразылық тудырып, шамданған қазақстандық интернет қолданушылары ол екеуіне қарсы онлайн петицияға қол жинауға кіріскен.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі 24 ақпан күні Жириновскийдің сөзіне ресми баға беруді сұрап, Ресей сыртқы істер министрлігіне нота әзірлегенін хабарлаған.
XS
SM
MD
LG