Accessibility links

Қырымда белгісіз топпен келіссөз сәтсіз аяқталды


Украина полициясы Қырым парламентін қоршап тұр. Симферополь, 27 ақпан 2014 жыл.
Украина полициясы Қырым парламентін қоршап тұр. Симферополь, 27 ақпан 2014 жыл.
Қырым премьер-министрінің бүгін аймақ парламенті мен үкімет үйін басып алған топпен келіссөздері сәтсіз аяқталды деп хабарлайды УНИАН агенттігі.

Қырым үкіметінің ақпараттық саясат басқармасының басшысы Виолетта Лисиннің хабарлауынша, басып алған топ өкілдері келіссөз жүргізуге және талап қоюға құзыретті емесін мәлімдеген. Агенттік үкімет үйлеріне басып кірген топтың Ресей гербі бар әскери киім кигені және әскери жабдықтары болғанын айтады.

Жергілікті дереккөздеріне сілтеме жасаған "Интерфакс" агенттігінің хабарлауынша, үкімет үйлерін Қырымның орыстілді тұрғындарының өзін-өзі қорғау тобы бақылауға алған.

Қарулы топ үкімет үйлерін бүгін таңға жуық басып алған еді. Үкімет үйлерінің үстінде Ресей туралы ілінген. Қазір қалада мектептерде сабақтар тоқтатылды. Қырым татарлары мәжілісінің жетекшісі Рефат Чубаров қарулы адамдарды тәртіпке келтіру немесе олармен байланысу мемлекеттің күштік құрылымдары - милиция және армияның ісі екенін айтып, Қырым татарларын алаңға шықпауға шақырды.

Ақпанның 26-сы күні Қырым парламенті алдында Украинаның жаңа билігін қолдаушылар мен оған қарсылардың митингісі өтіп, екі жақ арасында кішігірім жанжал болған еді. Жаңа үкіметті қолдап мыңдаған Қырым татарлары мен "Еуромайдан-Қырым" қозғалысының белсенділері шыққан. Оларға "Орыс бірлігі" қозғалысы мен ресейшіл ұйымдардың белсенділері қарсы келген. Екі жақ арасындағы қақтығыстан 30 шақты адам зардап шеккені хабарланған еді.
XS
SM
MD
LG