Accessibility links

Белсенді Дильнар Инсеноваға айыппұл салынды


Азаматтық белсенді Дильнар Инсенова.
Азаматтық белсенді Дильнар Инсенова.
8 наурыз күні ұсталған алматылық белсенді Дильнар Инсеноваға сот 50 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл (500 доллардан асады - ред.) кесті. Азаттық тілшісіне ол:

- Алматы қаласының Алмалы ауданы судьясы Слямов маған әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 373-бабы, 3-тармағы бойынша 50 АЕК (1 АЕК – 1852 теңге - ред.) көлемінде айыппұл кесті. Прокурор 30 АЕК сұраған еді, - деді.

Белсенді "Билік органдары қазір қандай бассыздыққа барып жатқандарын білмейді. Билік қазір кейбір елдерде болып жатқан оқиғаларға қарап қорқып отыр" деді.

8 наурыз күні таңертең алматылық белсенді Дильнар Инсенова Азаттық тілшісіне өзін полицияның ұстағанын хабарлады. Алмалы аудандық ішкі істер бөлімі де, Алматы қаласының ішкі істер департаменті өкілдері де Азаттық тілшісіне "белсендінің ұсталғаны жайлы ақпарат жоқ" деп жауап берді.

Дильнар Инсенова 6 наурыз күні Астанадағы полицияның балаларды ұстауына қатысты әлеуметтік желіде наразылық білдіріп, азаматтарды "Алматының ескі алаңында полицияның балаларға қарсы әрекетіне қарсылық білдіріп, жиын өткізуге" шақырған.

6 наурыз күні Астанада наразылық акциясы кезінде "Махаббат" тұрғын үй кешенінің ондаған тұрғынын (араларында балалар да бар) полиция ұстаған еді. Тұрғындар өздерін «Махаббат» тұрғын үй кешенінен заңсыз шығарып жатыр» деп санайды. Полицияның оларды ұстаған видеосы интернетке шығып, ол әлеумет наразылығын тудырған еді.
XS
SM
MD
LG