Accessibility links

Қырым: Сайлаушылардың 96 пайызы Ресейді таңдады


Қырымдағы референдумды өткізу комиссиясының басшысы Михаил Малышев. Севастополь, 16 наурыз 2014 жыл.
Қырымдағы референдумды өткізу комиссиясының басшысы Михаил Малышев. Севастополь, 16 наурыз 2014 жыл.
Қырымдағы референдумды өткізу комиссиясының басшысы Михаил Малышев үш сайлау учаскесіндегі бюллетендер саналғаннан кейін дауыс берген сайлаушылардың 96 пайызы автономияның Ресей құрамына қосылуын жақтап дауыс бергенін хабарлады.

Оның айтуынша, дауыс бергендердің тек үш пайызы ғана бюллетендегі Қырымның Украина құрамында қала беретіні туралы пунктін таңдаған. Қырым билігінің ақпаратына қарағанда, дауыс беруге сайлау құқығы бар азаматтардың 83 пайызы қатысқан.

Бұған дейін Қырымның ресейшіл премьер-министрі Сергей Аксенов референдумды толықтай өтті деп танитынын мәлімдеген еді.

Украина сайлау комитетінің Қырым бөлімінің төрағасы Андрей Крысько Азаттықтың Украин қызметіне референдумда заң бұзушылық көп болғанын айтты. Оның сөзіне қарағанда, азаматтарды сайлау учаскесінде референдум өтіп жатқан кездің өзінде қосымша тізімге оңай енгізіп жіберіп отырған. Ол бір сайлаушы бірнеше жерде дауыс беруі мүмкін екенін жоққа шығармайды.

Крысько бұған қоса ресейлік паспортпен дауыс берген жағдайлар да болғанын, ал бақылаушылар арасында тәуелсіз, сенім артуға болатын бір де бір ұйым болмағанын айтады.

АҚШ пен Еуропа Одағы референдум Украина конституциясы мен халықаралық құқық нормаларына қайшы келеді деп, оны мойындамайтындарын мәлімдеген.

Ақ үй Ресей әскерилерінің "қысымы мен қорқытуы арқылы өткен" дауыс беру нәтижесін мойындамайтынын мәлімдеді. Еуропа Одағының шенеуніктері Қырымдағы референдумды "заңсыз және легитимді емес" деп, бүгін одақ елдерінің сыртқы істер министрлері "Мәскеуге қатысты "қосымша шаралар қабылдау" жайын талқылайтынын хабарлады.
XS
SM
MD
LG