Accessibility links

Иракта журналист қазасына наразы газеттер шықпады


Мұхаммед Бдаиви Оваид Аш-Шаммари.
Мұхаммед Бдаиви Оваид Аш-Шаммари.
Бүгін Иракта ондаған газет шықпай қалды. Басылымдар осылайша кеше Бағдатта оққа ұшқан әріптестері – Азат Ирак радиосының Бағдаттағы бюро жетекшісі Мұхаммед Бдаиви Оваид Аш-Шаммаридің қазасына наразылық білдірді.

Бұл наразылық акциясын өткізу туралы бастама көтерген Ирак журналистерінің кәсіподағы журналисті өлтіру оқиғасын айыптады.

Куәгерлердің айтуынша, Аш-Шаммариді сенбі күні таңертең Ирак президенті күзет қызметінің өкілі атып өлтірген. Президент сарайы маңындағы Джадрия ауданында Азат Ирак радиосының кеңсесі орналасқан кешен аумағына көлігімен кірмек болған журналист пен осы ауданды күзетіп тұрған президенттің күзет қызметінің өкілі сөзге келіп қалған. Бір мезетте күзет қызметкері кенеттен қарудан оқ атып, журналист сол жерде мерт болған. Көлікпен із жасырмақ болған күзет өкілі көп ұзамай ұсталған.

Марқұмның туыстарымен кездесіп, көңіл айтқан Ирак премьер-министрі Нұри әл-Мәлики журналисті өлтірген адамды ұстап, сотқа тартуға уәде берген. Кейін Ирак телеарнасы Аш-Шаммариге оқ атқан деген күдікпен ұсталған адамның тұтқынға алынғаны туралы хабарлаған.

Мұхаммед Бдаиви Оваид Аш-Шаммари Азат Еуропа/Азаттық радиосының Ирак қызметі – Азат Ирак радиосында 2006 жылдан бастап жұмыс істеді. Бұдан екі жыл бұрын ол Азат Ирак радиосы Бағдаттағы бюросының жетекшісі болып тағайындалған еді.

46 жасында мерт болған журналистің артында әйелі мен үш баласы қалды.
XS
SM
MD
LG