Accessibility links

Козлов Алматыға жақын түрмеге ауыстырылды


Владимир Козлов, оппозициялық саясаткер. Ақтау, 8 қазан 2012 жыл
Владимир Козлов, оппозициялық саясаткер. Ақтау, 8 қазан 2012 жыл
25 наурыз күні Алматы облысының Заречный ауылындағы жалпы режимді ЛА-155/14 түрмесінің кезекші офицері тыйым салынған "Алға" оппозициялық партиясының жетекшісі осы қамау орнына ауыстырылғанын Азаттыққа растады. Мұндай мәлімет әлеуметтік желілерде жариялана бастаған еді.

2012 жылғы қазанда сотталған Владимир Козлов жазасын Солтүстік Қазақстандағы Петропавл қаласының түрмесінде өтеп келген. Биліктің оны тұрғылықты жерінен алыста қамауда ұстауын құқық қорғаушылар сынаған еді. Қорғаушылары денсаулық және отбасы жағдайы бойынша Козлов Алматы қаласына жақын жерде жазасын өтеуге құқылы екенін мәлімдеумен болған.

Козлов әлеуметтік араздық қоздырды және Жаңаөзен оқиғасына жанама түрде қатысы болды деген айыппен жеті жарым жылға сотталған еді. 2011 жылғы желтоқсанда болған Жаңаөзен оқиғасы кезінде полиция ереуілші мұнайшыларға оқ атып, 16 адам қаза тауып, жүзден астамы жараланған.

Бірнеше қоғамдық ұйым Козловты саяси тұтқын санатына жатқызады. Өткен аптада Қазақстандағы адам құқықтары туралы қарар қабылдаған Еуропа парламенті Козлов саяси себептермен қуғындалып отыр, оның үстінен қозғалған қымыстық іс қолдан жасалған деп мәлімдеген.
XS
SM
MD
LG