Accessibility links

Харьков әкімшілігі наразылардан босатылды


Харьков облыстық әкімшілігі маңында тұрған ресейшіл демонстранттар. 7 сәуір 2014 жыл.
Харьков облыстық әкімшілігі маңында тұрған ресейшіл демонстранттар. 7 сәуір 2014 жыл.
Харьков облыстық әкімшілігін басып алған ресейшіл топтар ғимараттан шығарылды деп хабарлады бүгін оқиға орнында жүрген Украина ішкі істер министрі Арсен Аваков Facebook-тегі парақшасында. Оның айтуынша, әкімшілік қызметкерлері жұмыстарына кіріскен.

Ал ресейшіл топтар 6 сәуірден бері наразылық танытып жатқан Украинаның шығысындағы жағдай шиеленіскен күйінде қалып отыр. Наразы топтар Харьков пен Донецк облыстық әкімшілігін, Луганскіде Украина қауіпсіздік қызметінің аймақтық басқармасын басып алған. Соңғы деректер бойынша, Луганскіде қауіпсіздік қызметі ғимаратын басып алғандар сондағы қару-жарақтарды иеленген. УНИАН агенттігі қазір ғимаратты ресейшіл демонстранттар қоршауға алып тұрғанын хабарлады.

Милиция әскери дайындық күйіне келтіріліп, көлік инспекторлары қалаға кіретін барлық жолды жапқан.

Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, Донецкіде ресейшіл белсенділер бүгін Қырымдағы сияқты облыстың Ресейге қосылуын дауысқа салатын референдум белгілеу үшін "Халықтық кеңес" құру ниетін жария еткен.

Донбасс тұрғындары Украина билігіне өздерін "сепаратистер әрекетінен қорғауды" сұрап ашық хат жазған. Тұрғындар құқық қорғау органдарының тәртіпсіздіктерге қатысушыларды жауапқа тартпай отырғанын айтқан.

Украина билігі елдің шығысындағы тәртіпсіздіктерге байланысты қылмыстық іс қозғаған.
XS
SM
MD
LG