Accessibility links

Испан парламенті Каталония референдумын қолдамады


"Каталония күнін" атап өтуге шеруге шыққандар. Барселона 11 қыркүйек 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
"Каталония күнін" атап өтуге шеруге шыққандар. Барселона 11 қыркүйек 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Испания парламенті елдің солтүстігіндегі Каталония аймағының тәуелсіздік алу туралы референдум өткізу өтінішін қолдамай тастады.

Мадридте 8 сәуір күні парламент үйінде жеті сағатқа созылған пікірталастан кейін референдум өткізуге 299 депутат қарсылық білдірді. 47 депутат референдумды қолдап, біреуі қалыс қалды.

Испан үкіметі парламенттегі "дауыс беру нәтижесі Каталонияның тәуелсіздігі туралы референдум ел конституциясына қайшы келеді деген уәжді дәлелдейді" дейді.

Бірақ Каталония ұлтшылдары алдағы қараша айында бәрібір референдум өткізу жолдарын қарастыра беретіндерін мәлімдеді.

Испанияның 46 миллион халқының 7 жарым миллионы Каталония аймағында тұрады. Ел экономикасының бестен бірі осы аймақтың үлесіне тиесілі.

Қоғамдық пікірге жасалған талдауларға қарағанда, каталониялықтардың жартысынан көбі Испаниядан бөлініп шығуды қолдаған.

Өзі тілінде сөйлейтін Каталония аймағы Испаниядан автономия алу үшін ұзақ уақыт күресіп келеді.
XS
SM
MD
LG