Accessibility links

Ауған президенті сайлауының алғашқы нәтижесі айтылды


Ауғанстан президенті сайлауындағы басты үміткерлер Абдулла Абдулла (сол жақта) мен Ашраф Гани.
Ауғанстан президенті сайлауындағы басты үміткерлер Абдулла Абдулла (сол жақта) мен Ашраф Гани.
Ауғанстанда 5 сәуірде өткен президент сайлауының алғашқы нәтижелері бұрынғы сыртқы істер министрі Абдулла Абдулланың бәсекелесі,бұрынғы қаржы министрі Ашраф Ганиден көбірек дауыс жинап тұрғанын көрсетеді.

Ауғанстанның Тәуелсіз сайлау комиссиясы 34 уәлаяттың 26-сында берілген дауыстың 10 пайызы саналғандағы мәлімет бойынша, сайлаушылардың 41,9 пайызының қолдауына ие болған Абдулла Абдулла әзірге алда тұрғанын мәлімдеді. Ал Ашраф Ганидің еншісінде әзірге 37,6 пайыз дауыс бар.

Үшінші үміткер Залмай Расул 9,8 пайыз дауыс жинаған.

Бірақ Тәуелсіз сайлау комиссиясының төрағасы Ахмад Юсуф Нуристани дауыстарды санау әлі жалғасып жатқандықтан бұл көрсеткіштер алдағы уақытта өзгеріп кетуі мүмкін деп ескертті.

Сайлаудың алғашқы алдын-ала қорытындысы 24 сәуірде жарияланбақ. Егер сайлаудың түпкілікті нәтижесі шығатын мамыр айының соңында үміткерлердің ешқайсысы берілген дауыстардың 50 пайыздан астамын жинай алмаса, онда өзгелерден ең көп дауыс жинаған екі кандидат екінші кезеңде қайта сайлауға түседі.

Сайлауда жеңген үміткер қазіргі президент Хамид Карзайды алмастырады.

Талибанның сайлауды болдырмай тастайтыны туралы қоқан-лоқысына қарамастан Ауғанстандағы дауыс беру құқығы бар 12 миллион адамның 7 миллионнан астамы биыл президент сайлауына қатысты.
XS
SM
MD
LG