Accessibility links

Астанада саяжай тұрғындары тағы наразылық танытты


Наразы екі әйел өздерін парламент үйі алдындағы шарбаққа шынжырмен байлап тастады. Астана, 14 сәуір 2014 жыл.
Наразы екі әйел өздерін парламент үйі алдындағы шарбаққа шынжырмен байлап тастады. Астана, 14 сәуір 2014 жыл.
Бүгін Астанада саяжайлық жер телімдерін "мемлекет қажетіне" алуға наразы он шақты тұрғын Қазақстан парламенті мәжілісі депутаттарымен кездесу үшін парламент үйінің алдына жиналды.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, парламент ғимаратына наразы тұрғындардың бәрі бірдей кіре алмаған. Олардың тек біреуін ғана ішке кіргізген.

Бұған наразылық танытқан төрт әйел өздерін парламент үйіне кіреберістегі шарбаққа шынжырмен байлап тастады.

Оқиға орнында полиция қызметкерлері жүр, парламент маңында полиция автобусы тұр деп хабарлады Азаттық тілшісі.

Өткен аптада саяжайдың наразы тұрғындары бас прокурор Асхат Дауылбаевпен кездестіруді талап етіп, прокуратураға барар жолды жапқан болатын. Наразылық танытқандар арасында кәмелетке толмаған балалар да болған. Полиция наразыларды ұстап әкетіп, журналистерге ол оқиғаны түсіртпеуге тырысқан еді.

Астанада жер телімдерін «мемлекет қажетіне» деген уәжбен алып жатқан қала билігінің әрекетіне, жер телімдерінің өтемақысына көңілі толмайтын наразы тұрғындар көп. Олардың ішінде бұрынғы саяжайлар ғана емес, Астана қаласының ортасындағы бұзылуы тиіс ескі барактардың иелері де бар.
XS
SM
MD
LG