Accessibility links

Парламент алдындағы наразылық акциясы аяқталды


Жер телімдерінің мемлекет қажетіне алынуына наразылар парламент алдына жиналып тұр. Астана, 14 сәуір 2014 жыл.
Жер телімдерінің мемлекет қажетіне алынуына наразылар парламент алдына жиналып тұр. Астана, 14 сәуір 2014 жыл.
Жер телімдерінің мемлекетке өткізілуіне наразылық танытып, бүгін Астанада өздерін парламент үйі алдындағы шарбаққа шынжырмен таңып тастаған әйелдер акцияларын аяқтады деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Наразы әйелдермен парламент мәжілісінің депутаты Светлана Бычкова сөйлесіп, олармен кездесу ұйымдастыратынын айтып құжаттарының көшірмелерін алған соң әйелдер наразылық акциясын доғарды. Өздерін шарбақққа таңып тастаған төрт әйелдің үшеуі шынжырдан өз беттерімен босанды, біреуіне сол маңда қарауылдап жүрген полицейлердің бірі көмектесті. Бұдан соң наразы әйелдер таңертең өздерімен бірге парламент үйіне келген балалар тұрған жаққа қарай кетті.

Астанадағы саяжайлық жерлерге үй салған он шақты тұрғын жер телімдерінің "мемлекет қажетіне" алынуына наразылық танытып, бүгін таңертең мәжіліс депутаттарына жолығуға парламент үйіне барған еді. Бірақ наразыларды парламент үйіне кіргізбей қойған соң, төрт әйел оған қарсылық ретінде шарбаққа өздерін шынжырмен таңып тастаған.

Астанада жер телімдерін «мемлекет қажетіне» деген уәжбен алып жатқан қала билігінің әрекетіне, жер телімдерінің өтемақысына көңілі толмайтын наразы тұрғындар көп. Олардың ішінде бұрынғы саяжайлар ғана емес, Астана қаласының ортасындағы бұзылуы тиіс ескі барактардың иелері де бар.
XS
SM
MD
LG