Accessibility links

Бас прокуратура алдында наразылар акция өткізді


Жер телімдерінің "мемлекет қажетіне" алынуына наразы әйелдер өздерін шарбаққа шынжырмен таңып тастады. Астана, 15 сәуір 2014 жыл.
Жер телімдерінің "мемлекет қажетіне" алынуына наразы әйелдер өздерін шарбаққа шынжырмен таңып тастады. Астана, 15 сәуір 2014 жыл.
Астанада бүгін саяжайлық жер телімдерінің "мемлекет қажетіне" алынуына наразы бірнеше әйел бас прокурормен кездесуді талап етіп, наразылық акциясын өткізді.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, алты әйел өздерін бас прокуратура ғимараты алдындағы шарбаққа темір шынжырмен таңып тастаған. Олардың жанында бірнеше балалар мен әйелдер тұр, араларында әлі омыраудағы сәбилер де бар.

Ғимараттан прокуратура өкілдері шығып, наразылардан құжаттарының көшірмелерін алып кеткен. Азаттық тілшісі "әйелдер тұрған маңда полицейлер мен төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері жүргенін" айтады.

Кеше, 14 сәуір күні де Астана маңындағы саяжай тұрғындары мәжіліс депутаттарымен кездесуді талап етіп, парламент үйі алдында өздерін шарбаққа шынжырмен байлап тастаған еді. Төрт наразы әйел өздеріне мәжіліс депутаты Светлана Бычкова жолығып, таяу күндері арнайы кездесу ұйымдастырып, олардың арыз-шағымдарын қарауға уәде берген соң наразылық акциясын тоқтатқан.

Астанада жер телімдерін «мемлекет қажетіне» деген уәжбен алып жатқан қала билігінің әрекетіне, жер телімдерінің өтемақысына көңілі толмайтын наразы тұрғындар көп. Олардың ішінде бұрынғы саяжайлар ғана емес, Астана қаласының ортасындағы бұзылуы тиіс ескі барактардың иелері де бар.
XS
SM
MD
LG