Accessibility links

Астана полициясы наразы әйелдерді босатты


Жер телімдерінің "мемлекет қажетіне" алынуына наразы тұрғындар бас прокуратура алдында тұр. Астана, 15 сәуір 2014 жыл.
Жер телімдерінің "мемлекет қажетіне" алынуына наразы тұрғындар бас прокуратура алдында тұр. Астана, 15 сәуір 2014 жыл.
Астанада бас прокуратура алдында жер телімдерінің "мемлекет мұқтаждығы" үшін алынуына наразылық акциясын өткізіп, полиция ұстап әкеткен әйелдер мен балалар босатылды.

Ұсталғандардың бірі Сандуғаш Серікбаеваның Азаттыққа айтуынша, Есіл аудандық ішкі істер бөлімінде наразылық танытушыларды бір жарым сағаттай ұстаған. Онда әйелдерге түсініктеме жаздырғанымен, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылмаған.

Полиция бөлімшесінен "қолы сынды" деген күдікпен жедел жәрдем көлігімен ауруханаға алып кеткен Сәрсенгүл Әшірбаеваның жеңіл жараланғаны белгілі болып, үйіне жіберілген.

Бүгін таңертең балаларын ерте келген он әйел өздері тұрып жатқан саяжайлық жер телімдерінің "мемлекет қажетіне" алынуына наразылық білдіріп, бас прокуратура алдына жиналған еді. Бас прокурормен кездесуді талап еткен әйелдердің алтауы ғимарат алдындағы шарбаққа өздерін шынжырмен таңып тастаған.

Бірнеше уақыттан соң полиция наразы әйелдерді ұстауға кірісіп, оқиғаны түсірмек болған журналистердің қызметіне кедергі келтірген. Журналистерді оқиға орнынан алысқа ығыстыру кезінде "16/12" интернет каналының операторы Виктор Гудзь басынан жарақат алған.

Астанада жер телімдерін «мемлекет қажетіне» деген уәжбен алып жатқан қала билігінің әрекетіне, жер телімдерінің өтемақысына көңілі толмайтын наразы тұрғындар көп. Олардың ішінде бұрынғы саяжайлар ғана емес, Астана қаласының ортасындағы бұзылуы тиіс ескі барактардың иелері де бар.
XS
SM
MD
LG