Accessibility links

Турчинов: Донецкіде антитеррорлық операция басталды


Славянск қаласы түбінде жүрген украиналық әскерилер. Донецк облысы, 14 сәуір 2014 жыл.
Славянск қаласы түбінде жүрген украиналық әскерилер. Донецк облысы, 14 сәуір 2014 жыл.
"Донецк облысының солтүстігінде антитеррорлық операция басталды" деп мәлімдеді 15 сәуір күні Украина парламенті - Жоғарғы Радада сөйлеген президент міндетін атқарушы Александр Турчинов. Оның айтуынша, операция кезең-кезеңімен, жауапты, мұқият түрде өткізіледі.

14 сәуірде Турчинов Украинаның шығысында армияның қатысуымен арнайы операция өткізуге жарлық шығарған еді. Бүгін Украина қорғаныс министрінің міндетін атқарушы Михаил Коваль қарулы күштер іс-қимылға әзір күйге келтірілгенін мәлімдеген.

Украинаның шығыс облыстарында ресейшіл белсенділердің наразылықтары жалғасып жатыр. Ресейшіл сепаратистер Донецк, Луганск және Харьковтегі әкімшілік ғимараттарын басып алған. Донецк облысының Краматорск, Славянск, Мариуполь және Горловка қалаларында да наразылық күшейіп тұр. Ресейшіл сепаратистер Украинада елде басқарудың федералдық жүйесін орнату жайлы референдум өткізуді талап етеді.

Украина президенттігінен үміткер, "Батькивщина" партиясының жетекшісі Юлия Тимошенко халықтық қарсыласу қозғалысын құрғаны туралы және оны өзі басқаруға дайын екенін мәлімдеді. Тимошенконың айтуынша, қозғалысқа әскери қимылдарға қатысқан, тәжірибесі бар әскерилер мен бұрынғы арнайы жасақ сарбаздары кіруі тиіс.
XS
SM
MD
LG