Accessibility links

"Славянск мэрі": Бізге Ресей әскері қажет


Өзін-өзі Славянск "мэрі" деп жариялаған ресейшіл белсенді Вячеслав Пономарев (ортада). Славянск, 9 мамыр 2014 жыл.
Өзін-өзі Славянск "мэрі" деп жариялаған ресейшіл белсенді Вячеслав Пономарев (ортада). Славянск, 9 мамыр 2014 жыл.
Өзін-өзі "Славянск қаласының мэрімін" деп жариялаған ресейшіл сепаратист Вячеслав Пономарев 12 мамыр күні Ресей әскерін қалада "бейбітшілік пен тұрақтылықты" қамтамасыз етуге шақырды. Славянск әкімшілігінде сөйлеген Пономарев аймақта арнайы операциялар жүргізіп жатқан украин әскерін "басқыншылар" деп атап, "олар кетуі тиіс" екенін мәлімдеді.

Журналистердің "Өзін-өзі жариялаған "Донецк халық республикасы" Ресейдің әскери көмегін қажет ете ме?" деген сұрағына Пономарев: "Аймақтың болашағы бейбіт және тұрақты болуын қамтамасыз ету үшін бізге Ресей әскері қажет. Мен мұны қолдаймын" деп жауап берді.

Соңғы апталарда Донецк облысының кейбір тұстарында ресейшіл сепаратистік топтар мен украин әскері қақтығысып жатыр.

11 мамыр күні Донецк пен Луганск облыстарында ресейшіл сепаратистер аймақтың мәртебесі туралы "референдум" өткізген еді. 12 мамыр күні оның қорытындысын жариялаған белсенділер "референдумға" сайлаушылардың "басым көпшілігі" қатысып, екі облыстың "өзін-өзі басқаруын" қолдағандарын мәлімдеген.

Украина билігі мен Батыс елдері бұл "референдумды" "халықаралық құқыққа қайшы" деп, оның нәтижесін мойындамайтынын білдірген.
XS
SM
MD
LG