Accessibility links

Үрімжіде шабуылдан 31 адам мерт болды


Шыңжаңда жол бойын бақылап тұрған қарулы сақшы. Қытай, 28 маусым 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Шыңжаңда жол бойын бақылап тұрған қарулы сақшы. Қытай, 28 маусым 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Қытайдың Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданы орталығы Үрімжі қаласында бүгін болған жарылыс салдарынан қаза тапқандар саны 31 адамға жетіп, 90 адам жараланғаны туралы Қытай ресми ақпарат құралдары хабарлады.

Бұған дейін Қытайдың Xinhua агенттігі 22 мамыр күні таңертең Үрімжіде белгісіз топ қала базарларының бірінде шабуыл жасап, бірнеше адам қаза тапқаны туралы ақпарат таратқан еді.

Агенттік дерегінше, белгісіз біреулер адам қарасы мол базарлардың біріне екі көлікпен басып кіріп, жарылғыш заттар лақтырған. Оқиғаға куә болғандардың бірінің айтуынша, шабуыл кезінде бірнеше жарылыс дауысы естілген.

Қытайдың батысындағы табиғи байлықтары мол, этникалық ұйғырлар мекендейтін бұл аймақта соңғы айларда зорлық-зомбылық пен шабуылдар көбейген. Пекин "исламшыл экстремистер мен шетелдік топтар қолдайтын ұйғыр сепаратистерінен қауіп төніп тұрғанын" айтып, аймақта қауіпсіздік шараларын күшейткен.

Бірақ сыншылар "Пекин өзі жүргізіп отырған қатаң саясаты мен қауіпсіздік шараларын ақтау үшін қауіп деңгейін тым асыра көрсетеді" дейді.

Құқық қорғаушылар "зорлық-зомбылықтың басты себебі - экономикалық теңсіздік пен ұйғырларға қысым жасау " деп санайды.
XS
SM
MD
LG