Accessibility links

ОСК: Порошенко жеңіп тұр


Петр Порошенко сайлау штабында сөйлеп тұр. Киев, 25 мамыр 2014 жыл.
Петр Порошенко сайлау штабында сөйлеп тұр. Киев, 25 мамыр 2014 жыл.
Украинада 25 мамыр күні өткен президент сайлауында берілген дауыстың үштен бірін санағандағы нәтиже бойынша, кандидат Петр Порошенко елдің 25 облысында, оның ішінде Луганск және Донецк облыстарында алда келеді.

Украина орталық сайлау комиссиясының хабарлауынша, Порошенконы дауыс берген азаматтардың 54 пайыздан астамы қолдаған. Екінші орындағы үміткер, экс-премьер Юлия Тимошенко сайлаушылардың 13 пайыз дауысын алған. Радикалдық партия жетекшісі Олег Ляшко 8 пайыздан астам пайыз дауыс жинап, 3-орында тұр.

Сайлаудың бірінші турында жеңіске жету үшін кандидат 50 пайыздан аса дауыс жинауы тиіс.

Орталық сайлау комиссиясының алдын-ала мәліметтері бойынша, мерзімінен бұрын өткізілген сайлауға дауыс беру құқығы бар азаматтардың 61 пайызға жуығы қатысқан.

Азаматтары сайлауға ең көп қатысқан облыс - Львов (77 пайыздан астам), ең аз қатысқаны - Донецк (14 пайызға жуық) болып тұр. Донецк мен Луганск облыстарында сайлау учаскелерінің көпшілігі ашылмады. Мұнда сайлауды ресейшіл қарулы сепаратистер өткізбей тастады.

Ондаған Қырым татарлары Херсон облысының Новоалексеевка селосына барып, президент сайлауына дауыс берді. Азаттықтың Украин қызметі "олар дауыс беру үшін ұйымдасқан түрде, көліктерімен Ресей және Украин шекара бекеттерін кесіп өтті" деп хабарлайды.

"Опора" азаматтық бақылаушылар ұйымы сайлау кезінде барлығы 397 заң бұзушылықты байқаған. Олардың көпшілігі сайлауалды үгіт-насихат ережелерін бұзумен байланысты.

Киевте сайлауалды штабында сөйлеген Порошенко өзінің президент ретіндегі басты міндеті елде бейбітшілік орнату екенін мәлімдеп, таяу уақытта Донбассқа баратынын айтты. Оның пікірінше, жыл соңына дейін Украина парламенті - Жоғарғы Радаға да мерзімінен бұрын сайлау өткізу керек.

Порошенко Украинаның Еуропамен интеграциялану бағытын таңдайтынын, "қордаланып қалған проблемаларды" шешуге кірісу мүмкіндігі барын, өзінің Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуді жоспарлап отырғанын да айтты.
XS
SM
MD
LG