Accessibility links

Астанада наразы тұрғындарды полиция тағы ұстады


Жер телімдерін "мемлекет қажетіне" алуға наразы тұрғындарды полиция ұстап жатыр. Астана, 23 мамыр 2014 жыл.
Жер телімдерін "мемлекет қажетіне" алуға наразы тұрғындарды полиция ұстап жатыр. Астана, 23 мамыр 2014 жыл.
Бүгін, 27 мамыр күні Астанада үйлерін сүріп, жер телімдерін "мемлекет қажетіне" алмауды сұрап шағым хат тапсыру үшін парламент үйіне бара жатқан 12 тұрғынды полиция ұстап әкетті. Ұсталғандардың бесеуі - әйелдер, жетеуі - балалар.

Астана қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі Азаттыққа тұрғындардың Есіл аудандық ішкі істер басқармасына жеткізілгенін хабарлады.

26 мамыр күні полиция Астана маңында жеті әйел мен жеті баланы ұстап әкеткен еді. Тұрғындар үйлеріне журналистерді шақырып, оларға биліктің сүрілетін үйлері мен жер телімдері үшін берілетін өтемақы сомасымен келіспейтінін айтпақ болған.

Полиция оларды "мән-жайды анықтау үшін полиция бөліміне жеткізіп, профилактикалық әңгіме өткізгенін" айтқан.

Былтырдан бері Астанада жерді "мемлекет қажетіне" алу тәртібімен келіспейтін тұрғындар наразылық танытып келеді. Олар "жер телімдері тым арзан бағаланады және ол мемлекет қажетіне емес, басқа адамдардың қажетіне алынып жатыр" дейді.

Тұрғындардың соңғы акцияларының бірі 23 мамыр күні Қазақстан президенті резиденциясының алдында өткен. Полиция ол жолы 15-тей адамды ұстаған еді.
XS
SM
MD
LG