Accessibility links

АҚШ-та жаңа ғарыш кемесі жасалды


SpaceX компаниясының Dragon ғарыш кемесінің капсуласы ғарышта. (Көрнекі сурет).
SpaceX компаниясының Dragon ғарыш кемесінің капсуласы ғарышта. (Көрнекі сурет).
АҚШ бизнесмені, SpaceX компаниясының басшысы Элон Маск 29 мамырда Халықаралық ғарыш станциясына жеті астронавты жеткізе алатын жаңа "Dragon-2" ғарыш кемесін таныстырды. Таныстырылым компанияның Калифорниядағы штаб-пәтерінде өтті.

SpaceX - НАСА-ның қолданыстан шығып қалған шаттлдарын алмастырып, ғарышқа адам жеткізетін кемелер жасауға тырысып жүрген бәселекес бірнеше компанияның бірі. Компания бұған дейін Халықаралық ғарыш станциясына төрт рет жүк жеткізетін кемесін ұшырған.

НАСА әзірге ешбір компания астронавтарды жеткізуге дайын болмай тұрғандықтан Ресейдің "Союз" ғарыш кемелерін пайдаланып отыр.

13 мамырда Украинадағы дағдарысқа байланысты Мәскеу мен Вашингтон қарым-қатынасы шиеленісе бастаған тұста Ресей вице-премьері Дмитрий Рогозин Ресей 2020 жылдан соң Халықаралық ғарыш станциясын пайдаланудан бас тартатынын мәлімдеген. Рогозиннің айтуынша, АҚШ станцияны Реcейдің көмегінсіз пайдалана алмайды.

НАСА басшысы Чарльз Болден жекеменшік компаниялар 2017 жылға таман ғарыш станциясына астронавтарды жеткізумен айналыса бастайтынын айтып, Рогозиннің ол мәлімдемесін жоққа шығарған.
XS
SM
MD
LG