Accessibility links

Батыс Ресейдің Украина туралы қарарын қолдамады


Ресейшіл сепаратистер Луганск маңындағы украин шекарашылары әскери бөліміне жасаған шабуылда қаза тапқан адамның денесін алып барады. Украина, 2 маусым 2014 жыл.
Ресейшіл сепаратистер Луганск маңындағы украин шекарашылары әскери бөліміне жасаған шабуылда қаза тапқан адамның денесін алып барады. Украина, 2 маусым 2014 жыл.
Ресейдің Украинаның шығысындағы әскери операцияларды дереу тоқтатуға шақыратын қарары БҰҰ қауіпсіздік кеңесінде қолдау таппады. Ресей даярлаған қарар жобасында әскери операцияларды тоқтатумен бірге украиндықтар ұрыс жүріп жатқан аймақтарды тастап кете алатын "гуманитарлық дәліз" ашу ұсынысы да бар.

Қауіпсіздік кеңесінің 2 маусым күні бір сағатқа жуық уақытқа созылған жиынынан соң Ресейдің БҰҰ-дағы елшісі Виталий Чуркин журналистерге халықаралық Қызыл Крест ұйымының өкілдері Украинаның шығысындағы әскери операцияларға байланысты "гуманитарлық жағдайдың нашарлағанына алаңдаушылық білдіргенін" айтты.

Бірақ Ұлыбританияның БҰҰ-дағы елшісі Марк Лайалл Грант: "Ешқандай қала қоршауға алынып, ешкім азық-түліктен таршылық көріп отырған жоқ. Сондықтан шиеленіс гуманитарлық дәліз құратындай жағдайға жеткен жоқ" деп, қарардың қолдау таппағанын айтты.

АҚШ мемлекеттік департаменті Ресей Украинаның шығысындағы сепаратистерді тоқтатуда ешнәрсе істемей отырғанын айтып, Мәскеудің қарарын "екіжүзділіктен туған әрекет" деп атады.

Ресейшіл сепаратистер бақылауындағы Луганскінің маңында украиналық шекарашылар мен сепаратистер арасында ұрыс жүріп жатыр. Сепаратистер мұндағы украиналық шекарашылардың әскери бөліміне 2 маусым күні таңертең шабуыл жасаған. Луганскіде ұрыс барысында екі адам қаза тапты. Ресейшіл бүлікшілер өз штаб-пәтерлеріне украин авиациясы әуеден соққы бергенін айтады. Бірақ Украина жағы мұны жоққа шығарады. Кейбір ақпараттарға қарағанда, сепаратистерден бес адам мерт болған.

Ресей сыртқы істер министрлігі Киевті "өз халқына қарсы тағы бір қылмыс жасады" деп айыптады.
XS
SM
MD
LG