Accessibility links

Ресейде тасқыннан 30 мың адам зардап шекті


Алтай өлкесіндегі Усть-Чарыш селосында. Ресей, 3 маусым 2014 жыл.
Алтай өлкесіндегі Усть-Чарыш селосында. Ресей, 3 маусым 2014 жыл.
Ресейдің Алтай өлкесінде су тасқынынан шамамен 30 мың адам зардап шекті. Жергілікті биліктің хабарлауынша, екі адам қаза тауып, бірнеше кісі із-түзсіз жоғалып кеткен. Нөсер жауыннан туындаған су тасқыны зардаптарын жою жұмыстары қысқа дейін жалғаспақ.

Алтай өлкесінің губернаторы Александр Карлиннің айтуынша, көмек әуелі Красногорск ауданы Быстрянка ауылындағы үйлері түгелімен қираған көп балалы отбасыларына көрсетіледі.

Бұл күндері аймақтағы өзендердің көпшілігінде су деңгейі төмендеп келеді. Бірақ өлкенің жеті ауданы мен Барнаул және Бийск қалаларында 9 мыңнан астам үй-жай мен ауланы су басқан.

ИТАР-ТАСС агенттігінің Барнаул әкімшілігіне сілтеме жасап хабарлауынша, тәулік ішінде қала маңында Обь өзеніндегі су деңгейі 18 сантиметрге дейін көтеріліп, 5 метр 52 сантиметрге жеткен. Бұл меже Обь өзені үшін қалыпты деңгейден жоғары саналады. Қала билігі өзен бөгендерін нығайтып жатыр.

Алтай өлкесіндегі су тасқынынан келген шығын алдын-ала есеп бойынша кемінде 500 миллион рубльді құрайды.
XS
SM
MD
LG