Accessibility links

Египеттің жаңа президенті ант берді


Ресми мәлімет бойынша Египет президенті сайлауында жеңімпаз атанған Абдел Фаттах әл-Сисиді қолдаушы оның суретін ұстап тұр. Каир, 3 маусым 2014 жыл.
Ресми мәлімет бойынша Египет президенті сайлауында жеңімпаз атанған Абдел Фаттах әл-Сисиді қолдаушы оның суретін ұстап тұр. Каир, 3 маусым 2014 жыл.
Бүгін Каирде Египет президенті болып жаңадан сайланған бұрынғы армия қолбасшысы, генерал Абдел Фаттах әл-Сисиді ұлықтау рәсімі болды.

Конституциялық сотта өткен ұлықтау рәсімінде ел президенті ретінде ант берген соң әл-Сиси әл-Иттихадия деп аталатын сарайында шетелдік жоғары лауазымды қонақтарды қабылдады.

Ресми дерек бойынша,Египетте мамырдың 26-сы мен 28-і аралығында өткен президент сайлауына дауыс беру нәтижесінде кандидат әл-Сисиді сайлаушылардың 97 пайызы қолдаған. Дауыс беру құқығы бар 54 миллионға жуық сайлаушының 47 пайызы ғана сайлауға қатысқан.

Бұрынғы президент Мұхаммед Мурси жеңіске жеткен 2012 жылғы сайлауда дауыс беру құқығы бар азаматтардың 52 пайызы сайлауға қатысқан еді. Алғаш рет демократиялық жолмен сайланған Мурсиді былтыр жазда жаппай халық толқуларынан соң Абдел Фаттах әл-Сиси бастаған әскерилер биліктен кетірген.

Мұхаммед Мурсидің «Мұсылман бауырлар» қозғалысына тыйым салынып, жүздеген мүшесі түрмеге жабылды. Қозғалыс өз жақтастарын бұл сайлауға бойкот жариялауға шақырған.
XS
SM
MD
LG