Accessibility links

Политковскаяның өліміне қатысты сот үкімі шықты


Анна Политковскаяның өліміне қатысты сотталғандар. Мәскеу, 9 маусым 2014 жыл.
Анна Политковскаяның өліміне қатысты сотталғандар. Мәскеу, 9 маусым 2014 жыл.
9 мамырда Мәскеу қалалық соты "Новая газета" басылымының журналисі Анна Политковскаяны өлтірді деп айыпталған Рустам Махмудов пен Лом-Әли Гайтукаевқа өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын кесті.

Осы іс бойынша өзге үш айыпты - Ибрагим Махмудов 12 жылға, Жабраил Махмудов 14 жылға, бұрынғы милиционер Сергей Хаджикурбанов 20 жылға сотталды.

Сот бұған қоса қаза тапқан журналистің балаларының пайдасына сотталушылардан 5 миллион рубль өндіріп беруге үкім етті.

20 мамыр күні алқа билер соты бес адамға байланысты "Политковскаяның өліміне қатысы" бар деген айыптау үкімін шығарған.

Политковскаяның өліміне қатысты сот осымен үшінші рет өтіп отыр. 2008 жылдың соңы мен 2009 жылдың басында Мәскеу округтік әскери сотында өткен алғашқы сотта сотталушыларды ақтайтын үкім шыққан еді. Кейін Ресей жоғарғы сотының әскери алқасы ол үкімнің күшін жойып, істі алдын-ала тергеуге жіберген. Оның қорытындысымен іс Мәскеу қалалық сотына түскен.

Екінші процес 2013 жылы күзде алқа билер соты таратылуына байланысты тоқтап қалған. Соңғы сот 2014 жылдың басында басталған.

Анна Политковскаяны 2006 жылдың қазанында Мәскеуде өз үйінің подъезінде өлтіріп кеткен.

Тергеу деректерінде Политковскаяға қастандық жасалуына оның журналистік қызметі себеп болғаны айтылған. Бірақ оны өлтіруге кім тапсырыс бергені сол күйі анықталмады.
XS
SM
MD
LG