Accessibility links

Ирактағы жағдай БҰҰ мен АҚШ-ты алаңдатты


БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун.
БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун.
АҚШ пен БҰҰ "Әл-Қаидамен" байланысы бар "Ирак және Левант ислам мемлекеті" ұйымы содырларының Ирактың екінші ең ірі қаласы - Мосулдың көп бөлігін бақылауына алуына байланысты алаңдаушылық білдірді.

Қарулы бүлікшілер Иракта екі күн кескілескен шайқастан соң 10 маусымда Мосул қаласы мен Ниневия провинциясының көп бөлігін бақылауына алғаны хабарланған.

БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун Ирак билігін "Ирак тап болған қауіп-қатерге қарсы ұлттың бірлікте екенін көрсетуге" шақырды.

АҚШ мемлекеттік департаменті өкілі Джен Псаки "Ирак және Левант ислам мемлекеті" ұйымы Иракқа ғана емес, тұтас аймаққа қатер төндіріп отырғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Вашингтон "бұл басқыншылыққа қарсы қатаң, ұйымдасқан түрде жауап соққы берілгенін қолдайды".

Халықаралық миграция ұйымының деректеріне сілтеме жасаған БҰҰ өкілінің айтуынша, Мосулды 500 мыңға тарта адам тастап шыққан.

Елдің батысындағы Анбар провинциясында "Ирак және Левант ислам мемлекеті" ұйымы содырлары қаңтар айынан бері аймақтағы негізгі қала - Рамадиді және көршілес Фаллуджа қаласын бақылауда ұстап отыр.

Ирак премьер-министрі Нури әл-Малики 10 маусым күні парламенттен төтенше жағдай жариялауды сұраған. Парламент бұл мәселені 12 маусым күні талқыламақ. Парламент спикері Осама әл-Нуджафи Мосулдың басып алынуын "үлкен апат" деп атады.

Күрдістан аймағының премьер-министрі Нечирван Барзани күрдтердің Ирак қауіпсіздік күштерімен бірігіп Мосулды қорғау әрекеті сәтсіз болғанын айтып, Бағдадтың Мосул қаласындағы әрекеттерін қатаң сынады.

Барзани күрдтерді Мосул қаласынан бас сауғалап қашқан тұрғындарға көмектесуге шақырып, БҰҰ босқындар ісі жөніндегі агенттігін көмек көрсетуге септесуді сұрады.
XS
SM
MD
LG