Accessibility links

БҰҰ Ирактағы жағдайды талқылады


Ирактың солтүстігіндегі Мосул қаласында жүрген "Ирак және Левант ислам мемлекеті" ұйымының мүшелері. 11 маусым 2014 жыл.
Ирактың солтүстігіндегі Мосул қаласында жүрген "Ирак және Левант ислам мемлекеті" ұйымының мүшелері. 11 маусым 2014 жыл.
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі исламшыл содырлар бірнеше қаланы басып алған Ирактағы жағдайды талқылаған жиын өткізді.

Ресейдің БҰҰ-дағы елшісі Виталий Чуркин "БҰҰ-ның Ирактағы елшісі Николай Младеновтің кеңес мүшелеріне бейнеконференция арқылы Бағдадқа тікелей төнетін қауіптің жоқ екенін айтқанын" хабарлады.

АҚШ президенті Барак Обама Вашингтонда "Иракқа АҚШ-тан көп көмек қажет екенін" мәлімдеді. Бірақ ол Иракқа нақты қандай көмек көрсетілетінін ашып айтпады.

АҚШ билігінің жоғары шенді өкілдері "Вашингтонның Ирактағы содырларға пилотсыз ұшақтармен соққы беру жайын қарастырып жатқанын" айтады.

"Әл-Қаидамен" байланысы бар "Ирак және Левант ислам мемлекеті" ұйымының содырлары Мосул, Тикрит қалаларын басып алған. Олар енді Бағдатқа шабуыл жасайтындарын, басып алған аймақтарда шариғат заңдарын орнататындарын мәлімдеді.

Ирактың солтүстігіндегі жартылай автономиялық Күрдістан аймағының армиясы Ирак қауіпсіздік күштері шегініп кеткен Киркук қаласын бақылауына алғанын хабарлады.
XS
SM
MD
LG