Accessibility links

Киев "бала ұрлауға қатысты" Астанадан баға беруді сұрады


Астанадағы Қазақстанның сыртқы істер министрлігі. Көрнекі сурет
Астанадағы Қазақстанның сыртқы істер министрлігі. Көрнекі сурет
Украинаның Қазақстандағы елшілігі "13 маусымда Украинаның оңтүстік-шығысында ресейшіл сепаратистердің бір топ баланы ұрлап кетуіне" байланысты оқиғаға қатысты Астананың баға беруін сұрап мәлімдеме жасады

Мәлімдемеде балаларды ұрлау оқиғасы "Ресейдің бала құқығын қорғау жөніндегі мойнына алған халықаралық міндеттемелерін өрескел бұзып отырғанын көрсетеді" деп жазылған. Украина балаларды шекарадан асырып әкетуге ешқандай құжаттың болмауы Ресейдің әрекетін "халықаралық адам ұрлау" деп бағалауға мәжбүрлейді дейді. Мәлімдемеде бұған қоса "Ресей жағының принципсіз ұстанымы украин балаларын өзінің саяси ойынының кепіліне айналдырып отырғаны" айтылады.

Украинаның Қазақстандағы елшілігінің баспасөз хатшысы Артем Бабек Азаттыққа Киевтің Қазақстанға ғана емес, басқа да мемлекеттерге бұл оқиғаға қатысты тиісті бағасын беруді сұрағанын айтты. Украина Қазақстанның "ізгі ниетті ел екеніне" байланысты Астананы бала ұрлау оқиғасы жайында хабардар етуді жөн деп тапқан.

Украина сыртқы істер министрлігінің мәлімдеуінше, 12 маусымда қарулы сепаратистер Донецк облысының Снежное қаласынан Днепропетровск облысына бара жатқан автобусты ұстап, жүргізушісін Ресейге қарай бұрылуға мәжбүрлеген. Автобуста 28 украин азаматы, оның ішінде 25 жетім бала мен отбасылық типтегі балалар үйлерінің тәрбиеленушілері болған. Бұдан ары 9 бала мен жол бастаушы бір ересек адамды Украина-Ресей шекарасын кесіп өтер тұста автобустан түсіріп кеткен, қалған 18 адам Ресейдің Ростов облысына қарай әкетілген. Украинаның Қазақстандағы елшілігі: "Қазір олардың қайда екенін белгісіз" деп хабарлайды.
XS
SM
MD
LG