БҰҰ-ның дерегінше, Иракта 5 маусымнан 22 маусымға дейінгі аралықта "Ирак және Шам ислам мемлекеті" ұйымы содырларының Анбар провинциясы мен Бағдадтың солтүстігіне шабуылы салдарынан кемінде 1075 адам қаза тапқан. Құрбандардың көпшілігі - жарылыстар мен қырғыннан мерт болған бейбіт тұрғындар.
24 маусым күні АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри түрлі этникалық және діни топтар кіретін Ирактың жаңа үкіметін құруға шақыру үшін Күрдістан автономиялы аймағының президенті Масуд Барзанимен кездескен.
"Ирак және Шам ислам мемлекеті" содырлары мен сүнниттік тайпалар таяуда басып алған территорияларына бақылауды күшейту үшін әскери қимылдарын жалғастырып жатыр.
Мосул қаласына жақын Баиджи мұнай айдау зауытын бақылауында ұстап отырғаны туралы содырлардың айтқанын ресми Бағдад жоққа шығарады.
Ирак билігі үкімет әскері содырлардың елдегі үлкендігі жағынан екінші су электр станциясына жасаған шабуылына тойтарыс бергенін айтады.