Бүгін Шымкентте Оңтүстік Қазақстан облыстық сотында ҰҚК шекара қызметінің "Ан-72" әскери ұшағының апатқа ұшырауына байланысты сотталған Қазаэронавигация» компаниясының шымкенттік филиалының диспетчері Қанат Ақылбековтің апелляциялық шағымы қарала бастады.
28 сәуірде Шымкент қаласы Абай аудандық соты Қанат Ақылбековке қылмыстық кодекстің «абайсызда екі, не одан да көп адамның өліміне соқтырған әуе көлiгi қозғалысы қауiпсiздiгi ережелерiн бұзу» бабы бойынша айыпты деп танып, 6 жылға соттаған. Өзін "кінәсізбін" деген Қанат Ақылбеков үкімге апелляциялық шағым берген.
Азаттық тілшісінің хабарлауынша, сотқа судья Таубай Қадырбаев төрағалық етеді. Сот отырысына мемлекеттік айыптаушы, қорғаушылар, жәбірленушілер мен сотталушының туған-туыстары және сотталушы Қанат Ақылбеков те қатысып жатыр.
2012 жылы 25 желтоқсанда Шымкент маңында шекара қызметінің «Ан-72» әскери ұшағы апатқа ұшырап, бортындағы 27 адамның бәрі қаза тапқан еді. Олардың 20-сы – әскери қызметкер, жетеуі – экипаж мүшелері болатын. Қаза тапқандардың арасында Қазақстан шекара қызметінің директоры Тұрғанбек Стамбеков те болған.
Апелляциялық сот отырысы әуелде 24 маусымға белгіленгенімен, кейін 27 маусымға шегерілген.