Донецк облысында маусымның 28-не ауған түні сепаратистер Украина әскерінің екі бекінісіне қарулы шабуыл жасаған. Бұл туралы УНН хабарлады. Адам шығыны туралы ақпарат жоқ.
Түні бойы Краматорск аэродромын атқылаған миномет дыбысы жаңғырып тұрған. "Ақпараттық қарсылық" ("Информационное сопротивление") қоғамдық тобының мәліметіне қарағанда, әскер арасында қаза тапқандар жоқ.
Мұның алдында Украина президенті Петр Порошенко атысты тоқтату туралы біржақты режимді (үкімет әскері оқ шығармайды - ред.) 72 сағатқа, яғни 30 маусымға дейін ұзартқан еді. Киев ЕҚЫҰ миссиясы бақылауымен атысты тоқтатуды, Украина-Ресей шекарасында тәртіп орнатуды, кепілге алынған тұтқындарды босатуды талап етеді.
Өздерін өзі жариялаған Донецк және Луганск "халық республикаларының" өкілдері Порошенконың бұл ұсыныстарын Донбасс аймағынан Украина әскері әкетілген жағдайда ғана орындайтындарын мәлімдеді.
27 маусым күні Брюссельде Украина президенті Петр Порошенко Еуропа Одағымен еркін сауда туралы келісімге қол қойды. Ол "Украина бұл келісім үшін тым қымбат құн төледі" мәлімдеді.