Үндістанның оңтүстігіндегі Ченнаи қаласында құлаған көп қабатты ғимарат астында қалған адамдарды құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.
Тамилнад штатындағы 11 қабатты жаңадан салынып жатқан ғимарат құрылысы 29 маусымда құлап, 17 адам қаза тапқаны хабарланған еді. Қазірге дейін 30-дан астам адам құтқарылған. Апат болған кезде құрылыс ішінде 90-ға тарта жұмысшы болған.
Штаттың бас министрі Джалалитха Джаярам ғимарат құрылыстың дұрыс салынбауынан құлаған болуы мүмкін дейді.
Полиция алты адамды, оның ішінде құрылысқа жауапты инженерлерді қамауға алған.
Үндістанда ғимараттар жиі құлайды. Сарапшылар оның себебін құрылыс материалдарының сапасыздығы мен қауіпсіздік талаптарының қатаң еместігімен байланыстырады.
Ченнаидағы апаттан бірер сағат бұрын ел астанасы Нью-Делиде де тұрғын үй құлап, 10 адам мерт болған.