Алматыдан Түркияға туристік сапармен ұша алмай қалған елуге жуық азамат бүгін, 4 шілдеде «Gulnar Tour» туристік компаниясының бас кеңсесіне жиналды. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, барлық турист туристік жолдаманы осы компаниядан алған.
Туристер Түркияның бірнеше туристік аймағына 4-5 шілде күндері ұшуы тиіс болған. Азаттық тілшісіне өзін Гүлжан деп таныстырған турист «Бодрумға бүгін (4 шілде) түнде отбасымызбен демалысқа ұшатын болғанбыз. Түс ауа ұшпайтынымызды естідім. Бас офиске келсем, олар ақшаларыңызды қайтарып береміз дейді. Ақшаны қайтарып аламыз ғой, бірақ жазғы демалысымызды Бодрумда өткіземіз деп отырғанда мына жағдайға таң қалып отырмын,»- деді.
Ал компания туристердің не себепті ұша алмай қалғанын айтпайды.
«Gulnar Tour» компаниясына Алматы қалалық ішкі істер басқармасының қызметкерлері келіп, туристерден арыз-шағым қабылдап жатыр. Құқық қорғау органдары туристік компанияның туристерге ақшасын қайтарып беруін қадағаламақ. «Gulnar Tour» Алматыдан Түркияға ұша алмай қалған туристердің қаржысын толық қайтарып беретіндерін айтады.
2-шілде күні «Gulnar Tour» компаниясының қызметін пайдаланып, Түркияға барған 130 астам қазақстандық турист қазір елге қайта алмай отыр. Олардың елге қайтуын Қазақстанның көлік және коммуникация министрлігі қарастырып жатыр. Министрлік Түркияда қайта алмай қалған қазақстандықтарды 10-шілдеге дейін елге алып келетіндерін айтады.