Астана қалалық соты бұрынғы Алматы қалалық сотының судьясы Күлпәш Өтемісованың апелляциялық шағымын қанағаттандырмай тастады. Апелляциялық коллегия судьясы Максим Қалдығұлов Алматының Алмалы аудандық соты шығарған үкімді сол күйінде қалдырды. 5 мамыр күні шыққан үкім бойынша Өтемісова төрт жарым жылға сотталған. Оған "ауыр зардаптарға ұрындырған (сот жүйесінің беделіне нұқсан келтірген) заңсыз сот шешімін шығарды" деген айып тағылған болатын.
Ал бұл жолғы апелляциялық сот отырсының өзгешелігі - Алматы мен Астана қалалық соттарының арасында ұйымдастырылған телекөпір болды. Өтемісова Алматы қалалық сотының толық құрамын өз ісін қараудан шеттетуге қол жеткізген. Сондықтан оның апелляциялық шағымын Астана қалалық соты қарады.
Күлпәш Өтемісова Алматы қалалық сотының ғимаратына күзетпен жеткізіліп, монитор арқылы Астанадағы сот отырысын көрді. Оны адвокат Владимир Попов қорғады. Өтемісованың сөзі осы монитор арқылы Астанаға трансляцияланды.
Сотталған бұрынғы судьяның ұлы Сейілбек Өтемісов Азаттыққа бүгінгі сот шешімінің үстінен кассациялық деңгейде шағым түсірілетінін айтты.