Халықаралық құқық қорғаушы Human Rights Watch ұйымы Пәкістанда жаңадан қабылданған террормен күрес туралы заңды репрессиялық деп атап, оны жоюға шақырды. Шілденің 2-сі күні Пәкістан парламенті террормен байланысты қылмыстардың жаза мерзімін екі есеге ұзартқан заң қабылдаған еді.
Жаңа заң күдіктілерді айып тағылмаса да қамауда ұстауға, олардың қайда екенін жасыруға рұқсат береді. Құқық қорғаушылар "заң үкіметті сынайтындар мен қарсылық акциясына қатысқан азаматтарға қарсы қолданылуы мүмкін" дейді.
Human Rights Watch ұйымының Азия елдері бойынша директор орынбасары Фелим Кайн "Бұл заңның бұлыңғыр жері көп. Оның өзі Пәкістанда онсыз да жиілеп кеткен тұтқындардың құқықтарын бұзу оқиғаларын одан бетер көбейтеді" дейді.
Жаңа заң Пәкістан қарулы күштері Ауғанстанмен шекарада "Талибан" және "Әл-Қаидамен" байланысы бар содырларға қарсы операциялар жүргізіп жатқан тұста қабылданды.